Погонды айырға айырбастады
Павлодар облысындағы Ақсу қаласының ауылдық аймағына қарасты Мәмәйіт Омаров атындағы ауылда тұратын Қайырболат Азнабаев бала кезден офицер болуды армандаған. Есейген соң полицияға қызметке тұрып мақсатына жетті. Алайда, аяқ асты науқасқа шалдығып жас жігіт ішкі істер органдарына жарамсыз болып қалды.

Үшінші топтағы мүгедектікке шыққан Қайырболат екі жылдай жұмыссыз жүрді. Биыл кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба жайлы естіген соң бірден қатысуға шешім қабылдады. Себебі, бұндай бағдарлама жағынан хабары бар. Әкесі Нұртай Азнабаев 2021 жылы «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін оқып грант ұтқан. Қайырболат онлайн крус оқып сертификат алды да жобасын ұсынды.
«Бірінші легтен өте алмадым. Бизнес жоспарымда кемшіліктер болды. Сосын әкеммен ақылдасып кемшіліктерді түзетіп екінші легте өттім. Содан маған 400 АЕК мөлшерінде бір реткі қайтарымсыз грант берілді», - дейді кәсіпкер Қайырболат Азнабаев.
Қайырболат мал шаруашылығын таңдап қолдау қаржыға екі сиыр, төрт бұқа және бес бұзау сатып алды және оларға қора қопсы да салды. Биыл жазда Павлодар өңірінде жауын шашын көп болып шөп белуардан аса шықты. Ертіс өзенінің екінші айрығы саналатын Ақсу өзені Қайырболаттың малы орналасқан шаруашылығының іргесінен ағып жатыр. Тоғайда шөп аспа төк. Сондықтан биыл қыста павлодарлық шаруалар мал азығынан тарықпайды.
«Бала кезден ауылдық жерде өсіп қора ішінде жүргендіктен малға жақынбыз, былайша айтқанда тәжірибеміз бар. Оның үстіне әкемнің техникалары бар жем шөп әзірлеуге әзірше соны пайдаланамын», - дейді кәсіп иесі Қайырболат Азнабаев.
Қайырболаттың сүйікті жары екі баласы бар. Келешекте кәсібін кеңейтіп мал басын көбейтуді жоспарлап отыр. Олай болған жағдайды жайылымдық жер алуға мүмкіндік туады.
- Hits: 67
Қазақша
Русский
English