Балапанды күзде санайды деген
Павлодар облысы Ақсу ауылдық аймағындағы шағын ғана Сынтас ауылында құс өсіру кәсібі пайда болды. Елді мекенде мал бағып шаруасын дөңгелетіп отырғандар бар. Бірақ та, қаңқылдатып қаз ұстап құс өсірген ешкім жоқ еді. Биыл жаздан бастап Сынтаста шаруашылықтың бұл түрі де пайда болды. 52 жастағы ауыл тұрғыны Ермек Сүлейменов, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаға қатысып бизнес жобасын ұсынды. Әлбетте, Ермектің жобасы үйлестірушілер тарапынан бірден қолдау тауып 400 АЕК мөлшеріндегі қайтарымсыз грантты ұтып алды. Кәсіпкер бұл қаражатқа 500 бас құс және екі жүзден аса бройлер балапандарын алған.
«Кішкентай кезімізде анамыз үйде құс ұстайтын. Бала кезден бақтық қой сондықтан бәрін білеміз. Былайша айтқанда базовый тәжірибе бар. Сосын ойлай-ойлай келе осы құс шаруашылығымен айналысып көрейін деп шештім. Оның үстіне отырған жерімізде ыңғайлы ауылдың ең шет жағы. Мына жақ шабындық», - дейді кәсіп иесі Ермек Сүлейменов.
Дегенмен, ерекше күтімді қажет ететін тауық тұқымын сақтап қалу Ермекке оңайға соқпады. Өйткені, бройлер балапандары аса күтімді қажет етеді. Ол жалғызбасты еркек үшін қиынға түсті. Небәрі бір апталық қана балапандардың 70 пайызы ұзаққа бармай қырылып қалды. Қайта қаздар өсімтал болып шықты. Ресей елінен алдыртқан «линда» тұқымды ақ қаздар қазір жетіліп толысты. Бес жүз қаздан ит тартып кеткен бірлі жарым шығын болмаса басқалары дін аман. Жаңа жылға қарай сатылыпға шығарамын деп отыр.
«Балапанды күзде сана деген. Қаздар жақсы өсті. Енді қар түскеннен кейін бір екі аунаса союға жарап тұр. Қыста бәрін тапсырамын. Сосын келер көктемде қайтадан балапандар сатып аламын. Ендігі жылы қаздың басын мыңға жеткізбек жоспарым бар. Сонымен қатар, көмекшіге бір адамды жұмысқа алатын боламы», - дейді Ермек Сүлейменов. Ермек ІІ-топтағы мүгедек сондықтан көмекшісіз жұмыс өнбейтінін біледі. Қаз етіне Павлодарды айтпағанда Астанадан да сұраныстар бар көрінеді. Десе де Ермек, алдымен көршілері мен ауылдастарына басымдық беремін деп отыр.
- Hits: 58
Қазақша
Русский
English